1957 жылы 14 наурыз күні Ақтөбе қаласында дүниеге келді.
1972 жылы Ақтөбе қаласының №6 қазақ орта мектебін бітіріп, сол жылы музыка училищесіне белгілі күйші-композитор Қ.Қожанбаевтың домбыра класына оқуға түседі.
1976 жылы осы училищеден кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда профессор Х.Тастановтың класында білімін жалғастырады. Құрманғазы атындағы акаднмиялық оркестрге жұмысқа қабылданады. 1981 жылы консерваторияны үздік бітіріп, осы оқу орнына жұмысқа қабылданады. 1986 – 1988 жылдары ассисентура-стажировка мерзімін профессор Қ.Мұхитов жетекшілігімен тәмәмдайды.
1984 жылы консерватория қабырғасында «Мұрагер» фольклор ансамблін ұйымдастырып, көп жылдар бойы оның көркемдік жетекшісі болды. Ансамбль республикамыздың мәдени өмірінде елеулі роль атқарып, фолькор ансамбль дамуында жаңа бағыт қалыптастырды. «Мұрагер» ансамблі 1985 жылы Мәскеу қаласында өткен жастар мен студенттердің бүкіл дүниежүзілік XII фестивалінің дипломанты атанып, ал 1990 жылы Қазахстан Ленин комсомол сыйлығының лауреаты атағына ие болды.
1994 жылы өзінің авторлық «Көкіл» мектебін ұйымдастырып, сол ұжымға басшылық етті. 2009 жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның шақыртылуымен ұстаздық қызметін қайта жалғастырады. Абдулхамит Ысқақұлы консерватория қабырғасында 30-ға тарта шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Қазақ өнеріне танымал А.Байбек, Ж.Асылханов, А.Самықов, С. Жұмабаева, т.б. талантты шәкірттер тәрбиелейді. Сонымен қатар халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары А.Солтанғазин, Ә. Арынова, Е.Хайроллаев, Б.Бақыттарды айта кетуге болады.
А.И.Раимбергенов республикаға танымал күйші, көптеген сайыстардың жеңімпазы: Республикалық жас орындаушыларының "Жігер" конкурсының лауреаты (1985 ж.), Құрманғазы атындағы бірінші Республикалық конкурстың лауреаты (1985 ж.), тележурналистика саласында 1997–1998 жылдары жасалған "Аманат" топтама бағдармалары үшін Ресупбликалық "Алтын жұлдыз" сыйлығының иегері. А.И.Раимбергенов Еуропаның – Швейцария, Германия, Австрия, Италия, Франция, Бельгия, Кипр, Испания; Азияның - Жапо¬ния, Қытай, Үндістан, Цейлон, Марокко, Түркия, Тайвань; АҚШ-тың - Нью-Йорк қалаларында гастрольдік сапармен өнер көрсеткен. 1997 жылы Францияда авторлық CD дискі, ал 2001 жылы деректі DVD фильмі жарық көрді.
А.И.Раимбергенов – музыкалық аспапты топпен үйретудің жаңа әдістемесінің авторы. 1986 жылдан бастап №12 және №159 қазақ орта мектептерінде «Музыка» пәні бойынша сынақ жұмыстарын бастап, әлі күнге дейін республика көлемінде жалғастыруда. Қазақстанның көптеген аймақтарында алпыстан астам мектептерінде А.И.Раимбергеновтың жүйесімен 12 000-нан астам оқушылар ұлттық өнерге сусындап, дәріс алуда. Көп жылғы педагогикалық жұмыс нәтижесінде «Музыка» пәні бойынша 1, 2, 3, 4, 5, 6-сыныптарға арналған оқулықтар мен әдістемелік құралдар жарық көрді (Алматы: Атамұра, 2005-2009). Бұл бағдарлама өз елін, жерін, дәстүрін сүйетін жаңа буын Қазақстан азаматтарын тәбиелеуге септігін тигізері сөзсіз.
Қазіргі уақытта Раимбергенов А.И. авторлығымен жалпы білім беретін мектептің 2–3 – сыныптарына арналған «Музыка» оқулықтары жарық көрді (Алматы: Атамұра, 2013, 2014)
А.И.Раимбергенов орындаушылық және педагогикалық қызметімен қатар ғылыми жұмыстарға көп көңіл бөледі. Ел арасында көптеген ән-күйлерді жинау барысында екі монографиалық еңбегі жарық көрді: 1) Қазанғап Ақжелен //Музыкалық-этнографиялық жинақ. - Алматы: Өнер, 1984 (6,5 б.т.); 2) Күй қайнары. - Алматы: Өнер, 1990 (23 б.т.).
А.И.Раимбергенов Қазақстан ұлттық телеарнасынан «Домбыра үйренейік» (1993-1996), «Сегіз қырлы» (1999-2001), «Әлі есімде» (2006-2008), «Айгөлек» (2010-2011), «Саз Толғау» (2011-2013), ал 2018 жылдан бастап «Алматы» телеарнасынан «Сыр перне» атты авторлық бағдарламасын жүргізіп келеді.
Білім мен өнер саласындағы жетістігі үшін Ы.Алтынсарин атындағы (2004), «Мәдениет қайраткері» (2009), «Мәдениет саласының үздігі» (2013) белгілерімен және «Құрмет» орденімен (2016) марапатталды.